Маңғыстау облысының білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау 2017 жыл

Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2017 жылы 27 наурыздағы  «Маңғыстау облысының білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы» №135 Қаулысы негізінде облысымыздағы жеті білім беру ұйымдарына атау берілген болатын.

1.  Түпқараған ауданы әкімдігінің «Өнер және кәсіпке бағдарлау мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына – Мұрын жырау Сеңгірбекұлының есімі берілді.

Мұрын жырау Сеңгірбекұлы (1859-1954 ж.ж.) ХІV-XVII ғ. халық ауыз әдебиетінің құнды жырларын бес ғасыр кейін жырлап, біздің заманымызға ұластырушы жырау. 1942, 1947 жылдары Алматыға шақырылып, Кеңестер Одағы Ғылым Академиясының Қазақстан филиалы оның айтуынан «Қырымның қырық батыры» аталатын ерлік жырларын хатқа түсірген. 1944 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия түркі тілдес халықтарының фольклоры туралы Бүкілодақтық конференциясында Мұрын жыраудың жырлаған эпостық жырларының дүниежүзілік маңыздылығы айрықша аталды. «XX ғасырдың Гомері» атанған ұлы жыршы.

Туған жері - Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы, Бозашы түбегі.

2.  Мұнайлы ауданындағы «№5 жалпы орта білім беру мектебі» мемлекеттік мекемесіне – Шоғы Мұңалұлының есімі берілді.

Шоғы батыр (1680-1730 ж.ж.) Қазақ тарихында басқыншылардан елін, жерін қорғаған, шешуші шайқастарға қатысқан батыр, ұлы  тарихи тұлға. Ол қазақ хандарының бас батырларының бірі болған. Жоңғарларға қарсы соғыста қаза тапқан, ел алдындағы ерлігі ескеріліп, Қожа Ахмет Иассауи кесенесіндегі қазақ пантеонында жерленген.

Туған жері - Ақтөбе облысының  Жем бойы.

3.  Маңғыстау ауданындағы «Шайыр орта мектебі» мемлекеттік мекемесіне – Тұрар Жалғасбайұлының есімі берілді.

Тұрар Жалғасбайұлы (1914-2001 ж.ж.) Өңірдің алғашқы  ұстаз-ағартушысы, Маңғыстау түбегіндегі көптеген жаңадан ашылған мектептердің алғашқы ұйымдастырушысы. Шайыр орта мектебінде ұстаз, оқу ісі меңгерушісі, директор болып 40 жыл еңбек еткен.  «Еңбектегі ерлігі үшін» (1949 ж.), 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңіснің 50, 55 жылдығына арналған мерекелік  медалдарымен, "Қаақстан Халық ағарту ісінің үздігі" (1965 ж.) төсбелгісімен, Қазақстан  Коммунистік  партиясы  Орталық Комитетінің «Құрмет грамотасымен» (1963 ж, 1965 ж),  «Еңбек ардагері» (1975 ж.) медалімен және облыстық, аудандық халық ағарту бөлім-дерінің бірнеше рет грамоталарымен  марапатталған. Шайыр селолық кеңесінің депутаты. Шайыр ауылының «Құрметті азаматы» (1993 ж.), Маңғыстау облысы көлемінде Тұрар Жалғасбайұлының 100 жылдық мерейтойына арналған ғылыми теориялық конференция өткізілді.

Туған жері–Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы.

4.  Ақтау қаласындағы «Мектепке дейінгі шағын орталығы мен гимназия сыныптары бар №15 жалпы білім беру орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне – Ибаш Жанболатованың есімі берілді.

Ибаш Жанболатова (1920-1987 ж.ж) 1943-1946 жылдарда Таушық көмір шахтасында тылдағы еңбекті ұйымдастырушы, Маңғыстау ауданы құрылғанда аудандық партия комитетінің хатшысы, 1965-1973 жылдары Ақтау қалалық атқару комитетінің төрайымы қызметтерін атқарып, Ақтау қаласының қалануында еңбегі ел аузындағы  қайраткер тұлға. «Еңбек Қызыл Ту» (1963 ж),  және «Құрмет белгісі»(1971 ж.),  орден-дерімен, «Каз ССР ның 40, 50 жылдығы құрметіне»(1961 ж, 1970 ж),  «За доблестный труд в ознаменовании 100 – летия со дня рождения В.И.Ленина»(1970 ж), «Еңбек ардагері» (1975 ж), 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңіснің 30 жылдығына арналған(1976 ж)  медалдарымен, Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет грамоталарымен(1970 ж, 1983 ж)  марапатталған. Ақтау, Шевченко қалаларының  «Құрметті  Азаматы».

Туған жері–Маңғыстау облысының Қарақия ауданы.

5.  Ақтау қаласындағы «№5 жалпы білім беру орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне – Нұртас Оңдасыновтың есімі берілді.

Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлы (1904-1989 ж.ж.) көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, 25 жыл ҚСР Жоғарғы Кеңесінің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары.1962 ж. зейнеткерлікке шыққаннан кейін ғылыми-әдеби жұмыстармен шұғылданып, 3 томдық «Арабша-қазақша», 3 томдық «Парсыша-қазақша» сөздіктері, көптеген шығыс-танудың келелі мәселелері туралы еңбектері жарық көрді.Үш мәрте «Ленин» орденімен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалымен марапатталған.

Туған жері - Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы.

6.  Ақтау қаласындағы «№16 жалпы білім беру орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне – Саламат  Мұқашевтың есімі берілді.

Мұқашев Саламат Мұқашұлы (1927-2004ж.ж.) Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан мұнай өнеркәсібін дамытуға мол үлес қосқан тұлға, 4 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», 2 рет «Құрмет белгісі» және Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордендерімен, бірнеше медальдармен, ҚСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының «Құрмет грамотасы», Тәуелсіздіктің 10 жылдығына байланысты ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған. Атырау облысының, Ақтау қаласының және Түпқараған ауданының құрметті азаматы.

Туған жері – Гурьев (Атырау) қаласы.

7.  Маңғыстау облысының әкімдігі Маңғыстау облысының білім басқармасының «Маңғыстау политехникалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынына – Халел Өзбекғалиевтың есімі берілді.

Өзбекғалиев Халел Жағыпар-ұлы(1928 –2003 ж.ж) “Мұнайгаз кендерінің ашылуына басшылық жасап, бұрғылау жұмыстарын жетілдіруде елеулі еңбек еткен, өндіріс орындарының игерілуін  ұйымдастырушы. Бірнеше мәрте жергілікті кеңестердің депутаты болып сайланған. Маңғыстау өңіріндегі мұнайгаз игерудегі елеулі еңбектері үшін Лениндік сыйлық берілген. «ҚСР-не еңбегі сіңірген геолог-барлаушысы», «КСРО жер қойнауын барлау ісінің Құрметті барлаушысы», «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері, мен көптеген төсбелгілердің иегері.

Туған жері–Гурьев(Атырау) облысы.


Ақпараттық ресурстар