• Басқы бет
  • Ономастика
  • Маңғыстау облысының мәдениет және білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау 2016 жыл

Маңғыстау облысының мәдениет және білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау 2016 жыл

Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2016 жылы 20 желтоқсандағы «Маңғыстау облысының мәдениет және білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы» №828 Қаулысы негізінде облысымыздағы жеті мекемеге атау берілген болатын.

1.  2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізіндеАқтау қаласындағы «№7 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне - Нәсіпқали Марабаевтың есімі берілді.

Нәсіпқали Марабаев (1937-2007ж.ж.)Инженер, партия, кеңес қызметкері, майталман мұнайшы, халық шаруашылығы қайраткері Жаңаөзенде бұрғылау әдісінің 6 бірдей жаңа технологиясын  ойлап шығарған. Мұнайшы қоғамдық қоры тікелей осы кісінің қатысуымен құрылған.  2007 жылы еліне деген ерен еңбегі мен сүйіспеншілігі үшін «Жыл адамы» номинациясында «Алтын Прометей» сыйлығын жеңіп алған. Екі мәрте «Еңбек», «Қызыл Ту» ордені, бірнеше медальдар мен грамоталардың иегері. Ақтау, Жаңаөзен, Даллас, Техас қалаларының «Құрметті Азаматы» атағы берілген.

Туған жері – Гурьев (Атырау) қаласы.

2.  2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізіндеМаңғыстау облысының білім басқармасының «Маңғыстау гуманитарлық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынына - Мұрын жырау Сеңгірбекұлының есімі берілді.

Мұрын жырау Сеңгірбекұлы (1859-1954 ж.ж.) ХІV-XVII ғ. халық ауыз әдебиетінің құнды жырларын бес ғасыр кейін жырлап, біздің заманымызға ұластырушы жырау. 1942, 1947 жылдары Алматыға шақырылып, Кеңестер Одағы Ғылым Академиясының Қазақстан филиалы оның айтуынан «Қырымның қырық батыры» аталатын ерлік жырларын хатқа түсірген. 1944 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия түркі тілдес халықтарының фольклоры туралы Бүкілодақтық конферен-циясында Мұрын жыраудың жырлаған эпостық жырларының дүниежүзілік маңыздылығы айрықша аталды. «XX ғасырдың Гомері» атанған ұлы жыршы.

Туған жері - Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы, Бозашы түбегі.

3.  2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде «Мектепке дейінгі шағын орталығы мен гимназия сыныптары бар №22 жалпы білім беру орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне - Серікбол Қондыбайдың есімі берілді. 

Серікбол Қондыбай(1968-2004 ж.ж.) Өлкетанушы, географ, публицист, этнограф, ғалым. Ол этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философия деректерін салыстыра зерттеп түріктану мен қазақтануға үлес қосқан талантты ғалым. Байырғы қазақ шежіресі мен әфсана аңыздары, географиясы тұрғысында мағлұматтар жинастырып, бірнеше кітап жазған. Ғалымның «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе» (1997 ж), «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» (2000 ж), «Есен-қазақ» (2002 ж), «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» (2003 ж), «Арғықазақ мифологиясы» (2004 ж), «Эстетика ландшафтов Мангистау» (2005 ж), «Маңғыстаунама» (2006 ж), «Қазақ даласы және герман тәңірлері» (2006 ж), «Жауынгерлік рух кітабы» (2006 ж) сынды зерттеу еңбектері бар. Көзінің тірісінде қазақ мифологиясының негізін салушы ретінде танылды.

Туған жері - Маңғыстау облысының Қарақия ауданы, Құрық кенті.

4.  2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде Түпқараған ауданындағы «№1 жалпы білім беретін мектеп-лицейі» мемлекеттік мекемесіне – Ғұбайдолла Айдаровтың есімі берілді.

Ғұбайдолла Айдаров(1921-2001 ж.ж.) Қазақ халқының тіл тарихын түбегейлі зерттеп, жазба әдебиетіміздің түпкі қиянына түрен салған, әйгілі түрколог-ғалым. Ұлы ғалымдар: Ә.Марғұлан, А Медоев, Қ. Сатбаев жетекшілік жасаған ғылыми экспедициялар құрамында түркі жазбаларына зерттеулер жүргізген. Қалдырған еңбектері әлемдік деңгейде жоғары бағаланды: «Ескі түркі жазуы орхон-нисей ескерткіштерінде», «Мойын чор», «Құтлықаған», «Таныкөк», «Орхон ескерткіштері» т.б. Ғалымның еңбектері қазір Берлин, София университеттерінде, Түркия, Азербайжан, Туркменстан, Өбекстан жоғары оқу орындарында сабақ ретінде өткізіледі. Маңғыстауының тау-тасында, Моңғолияның, Ресей Алтайының көне қорымдарында жатқан байырғы бәдіздерден қазақ халқының тарихына, қазіргі қазақ тілінің қалыптасуына сәуле түсірді 1960 жылы Ғылым кандидаты, 1974 жылы Филология ғылымының докторы, 1993 жылы «Қазақстанға еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атақтары берілген. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі, ғылымға сіңірген еңбектері үшін 18 орден мен бірнеше медалдардың иегері.  Азербайжан, Өбекстан университеттерінің құрметті профессоры. Тіл білімі институтында 1959 жылдан бастап өмірінің соңына дейін қызмет етті.

Туған жері-Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы.

5.  2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде Маңғыстау облысының Мәдениет басқармасының  «Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы» мемлекеттік мекемесіне – Қабиболла Сыдиықовтың есімі берілді.

Қабиболла Сыдиықов(1934 –2001 ж.ж.) Әдебиеттанушы, филоло-гия ғылымдарының кандидаты.

1955-85 ж.ж. Атырау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан (Тарбағатай, Зайсан) өңірін, Түркменстан, Қарақалпақстан аймағын аралап, халықтың әдеби-мәдени мұраларын зерттеп, ақын-жыраулар мұрасын, халық әндерін, күйлері мен жырларын(жыр әуендерін), ауыз әдебиеті нұсқаларын, жинаған. 1986ж Өзбекстан, Тәжікстан экспедициясы на, 1987 жылы «Маңғыстау» энциклопе-диясына ғылыми жетекшілік жасаған Маңғыстау, Атырау тарихы хақында кітаптар, әдеби, ғылыми зерттеулер, публицистикалық мақалалар мен өлеңдер, очерк, суреттемелер, әдеби мұралар жариялаған. 1991 жылы Форт-Шевченко қаласының, 1994 жылы Атырау облысының құрметті азаматы.

Туған жері - Атырау облысының Жылой ауданы (қазіргі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы).

6.  2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде «Мектепке дейінгі шағын орталығы мен гимназия сыныптары бар  № 8 жалпы білім беру орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне – Исатай Суйеубаевтың есімі берілді.

Исатай Суйеубаев(1913 –1947 ж.ж.)1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Оңтүстік Батыс майданының 21-армиясы, 232-атқыштар дивизиясының құрамында соғысқа қатысқан. 1942 жылдың қарашасында Сталинград  үшін шайқаста өзі дұшпанның 150-дей солдатын, 7 бекінісін жойып, ауыр жарақат алады, бірақ ұрыс даласынан кеткен жоқ. Қайсар жауынгердің ерлік ісі ізінше дивизиялық газет редакторы М.Массаевич пен

Л. Канцельсонның қарымды қаламы арқылы дербес жауынгер бетшеге шығып, өлең түрінде көпке таралды. Осы ерлігі үшін Кеңестер Одағының батыры атағына ұсынылған. Бірақ кейіннен белгісіз себептермен батыр атағы берілмей, оның орнына Ленин орденімен наградталған. Сол уақытта бүкіл 21 армиядан Ленин орденімен наградталған жалғыз адам екенін ескерсек бұл шынында үлкен оқиға еді.  Маңғыстау елінің  атадан балаға айта жүретін мақтанышына айналды 1947 жылы өмірден өтіп, Астрахан облысы, Володар ауданы, Бестөбеге  қойылған. 17.07.1993 жылы сүйегі туған жеріне әкелініп, қайта жерленді.

Туған жері - Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Тиген ауылы.

7.  2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде

Маңғыстау ауданы «Ұштаған орта мектебі» мемлекеттік мекемесіне – Асқар Өтепбергеновтың есімі берілді.

Өтепбергенов Асқар (1914-1991 ж.ж.) еңбек жолын 1932 жылы ауыл шаруашылығы серіктестіктері мен артельдердің есепшілігінен бастаған, СССР Дайындау министрлігінің аудандық өкілдігіне агент, Ұлы Отан соғысы кезінде 1942-1955 ж.ж. аралығында Ұштағанда құрылған «Жаңақорған» колхозында  басқарма басшысы, халықты жаппай сауаттандыруға белсене араласқан, қабілетті жастарды арнайы жолдамамен арнаулы орта және жоғары білім орындарына жіберген, 7 жылдық мектеп салып, білім беру ісіне зор үлес қосқан халық ауызындағы танымал тұлға. Ұлы Отан соғысы кезінде армияға керекті тамақ, жылы киім және ақша жинау жөніндегі жоспарын артығымен орындаған. Тылда  атқарған қажырлы еңбегі және соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтірудегі шебер ұйымдастырушылық істері үшін 1944 ж. «Қызыл жұлдыз»,1949 ж. «Еңбек қызыл ту», «Ленин», «Отан соғысы» ордендерімен, 1945 ж. «Еңбектегі ерлігі үшін» жене бірнеше юбилейлік медалдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Грамотасымен және бірнешелеген жергілікті Кеңестердің  Мақтау Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Қоғам қайраткері «Маңғыстау», «Тағзым» энсиклопе-диясында, аудандық және облыстық мұражайларда орын алған.

Туған жері-Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы, Онды аулы.


Ақпараттық ресурстар