Әдет-ғұрыптар

Қазақ халқы – салт - дәстүрге өте бай халық. Ал салт - дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды. Салт – дәстүр дегеніміз – халықтың ұстанымдарының жиынтығы. Салт-дәстүрлер мен ырымдар халыктың өмір-тұрмысынан, дүниетанымынан туындайтын мәдени құбылыс. Әдет-ғұрып ұзақ тарихи мерзімде қалыптасып, халықтың ұлттық болмысын құрайды және оны басқа этностардан ерекшелендіреді.  Қазақ әдет-ғұрыптарын отбасылық және қауымдық-қоғамдық ғұрыптар деп үлкен екі топқа бөлуге болады. Қауымдық ғұрыптарға наурыз тойы, құрбан айт, ораза айт, ас беру, т.б. Ал отбасылық ғұрыптарға баланың дүниеге келуі, ержетуі, келін түсіру, қыз ұзату жатады. Отбасылық ғұрыптар сәбидің дүниеге келуінен бастау алады.  

Шілдехана шілделік, шілде күзет – өмірге келген нәрестенің құрметіне жасалатын той. Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы адам өмірге келгеннен кейін, жақындарына сүйінші сұрап жаушы жібереді. Сүйінші хабарды жеткізгендер ұл туса – “ат ұстар” немесе “жылқышы”, қыз туса – “көйлек тігер”, “қырық жеті” немесе “сауыншы туды” деп хабарлаған. Одан кейін туған-туыстар, көршілер және алыс-жақын ағайындар Шілдеханаға жиналады да “бауы берік болсын” деп тілек айтып, шашу шашып келеді. Шілдехана мәні алғаш нәрестені жын-періден қорғап, “күзету” деген сенімге саяды. Сондықтан оны “Шілде күзет” деп те атайды. Бұл ғұрыптың түпкі мәні бала мен ананы тіл-көзден сақтау, жын-шайтандардан қорғау дегеннен туындаған. “Шіллә” (“чілле”) парсы “қырық” деген мағына береді. Дәстүрлі қазақ қоғамында бала үшін туылғаннан 40 күнге дейін қауіпті кезең саналған, оған дейін нәрестеге көп адамды жолатпай, бала мен анасын жақсылап күткен (қ. Қырқынан шығару). Әсіресе, жас нәресте жатқан үйде үш (кейде 40 күнге дейін) күні бойы шам жағылып, “күзетілген”. Кейіннен шілдехана ұлттық ойын-сауық кешіне айналған.

Бесік тойы – нәрестені алғаш бесікке бөлеуге байланысты жасалатын ғұрыптық салтанат. Баланың кіндігі түсіп, кіндік жарасы жазылысымен бесікке салады. Бесік тойы, негізінен, тұңғыш балаға жасалынады. Одан кейінгі балаларға «бесікке салу» кәдесі ғана атқарылады. Бесіктің жасауын баланың нағашылары дайындайды және олар ана мен балаға киім-кешек әкеледі. Осы әкелінген дүние мен бесікті көрсету мақсатында ауылдың ұрпақ өсірген қадірменді әжелері, әйелдер шақырылады. Мал сойылады, бата беріледі. Тойдың соңына қарай жасы үлкен әже бесіктің жабдығын даярлап, шашуға әкелінген тәттіні, күміс  теңгені түбек салатын тесік астына қолын тосқан әйелдерге үлестіреді де, бесікті отпен аластап, бесікке ыстық көсеумен кертпе түсіріп (көз тимес үшін) баланы бөлейді. Сонан соң бесіктің үстіне жеті не тоғыз нәрсе жабады. Әрбір жабылатын нәрсенің өзіндік мәні бар. Мысалы: көк шапан жабу – бала ержеткенде халықшыл болсын, дастарқан жабу - бай болсын, т.б. ырымды білдірген. Баланы бесікке салған әйелге көйлек кигізіп, қалғандарына білезік, сақина үлестіреді

 Қырқынан шығару – салты. Баланың туғанына қырық күн толғаннан кейін жасалады. Сәбиді ыдысқа қырық қасық су құйып шомылдырады. Оған үлкен әжелер, апалар қатысады. Қырқынан шығарған адамға кәде беріліп, дастарқан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып, оны сәбидің өзінің киіміне, матаға орап тігіп қояды. Баланы  қырқынан шығарудың тағы бір ерекше маңызы бар. Қырық күннен кейін сәби ширап көзі тоқтатады, жарықты, дыбысты сезеді. Сондықтан қырқынан шығару салты сәбидің жан-жүйесінің қалыптасуына, денінің сау болып өсуіне деге ақ тілектен шыққан.

Тұсаукесер– сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын тұсап, оны жүріс-тұрысы ширақ әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға  баланың тұсауын кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушіге кәдесін береді. Тұсау кесу тойының негізгі  жабдықтары 1,5 м ала жіп, өткір қайшы немесе пышақ. Тұсаукесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері де бар. Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп  жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Адал болсын деп ала жіптен де жасайды. Тұсау кесу тойына ауылдың қыз-келіншектері, әжелер шақырылады. Бұдан кейін 2 – 3 жасар балаларды жарыстырып, озғандарына бәйге береді. Балаларға өлең, жыр, тақпақ, жаңылтпаш айтқызады.  Тұсау кескен әйелге көйлек немесе аяқ киім сыйлайды.

 Келін түсіру– Қазақ халқының түсінігінде келін түсіру – әр әулеттің, ата-ананың көптен күткен қуанышы саналады. Дәстүрлі қазақ қоғамында мұндай салтанатқа бүкіл ауыл болып дайындалған. Ауыл әйелдері жасаулы көштің алдынан шығып, шашу шашқан. Көш бастар түйенің бұйдасын ұстап, ауылға жетектеп енген әйелді “мұрындық ана” деп атап, оған арнайы сый берілген. Ауыл адамдары келінмен бірге келген төсек-орнын түсіріп, отау тігуге кіріскен. Шаңырақты көтеру бала-шағалы, үрім-бұтағы өскен, елге беделді салиқалы анаға жүктеледі. Мұнымен жаңа түскен жас келінге “жағың түскенше жамандық көрме, осы абыройлы ананың жолын берсін” деген ырым көзделеді. Аттан түсіп, жеңгесімен бірге келген ауылдан хабар күтіп тұрған келіннің алдынан ауылдың қыз-келіншектері шымылдық алып шығып, шашу шашады. Шымылдықты келіннің бетіне жауып, бет-жүзін үлкендерге көрсетпей, қайын атасының үйіне алып кіргізеді. Келін үлкен шаңырақтың босағасын оң аяғымен аттай кіріп, тізе бүгіп сәлем береді. Үш рет иіліп сәлем берген келінге атасы: “Көп жаса қарағым, бақытты бол!” деп бата береді. Сонан кейін келінді от басына төселген тулаққа отырғызады. Ол – “жаңа түскен жас келіннің мінезі иленген тулақтай (тері) жұмсақ, биязы болсын” деген ырым. Келіннің қолына әйелдердің біреуі ішінде май құйылған ыдысты ұсынып, отқа май құйғызады. “От-Ана, Май-Ана, шапағатыңды жаңа түскен жас келінге тигізе көр, жарылқа!” дегізеді. Осы рәсім орындалып болған соң, келінді өзіне арнайы тігілген ақ отауға енгізіп, күйеудің шешесі тиын ақша, құрт, ірімшік аралас шашу шашып, бата береді. Оң аяғымен аттап кірген келінді сол жақтағы төсекке құрылған шымылдық ішіне кіргізіп отырғызады. Келінді қарсы алған жас келіншектерге білезік, сақина, жүзік, алқа, түрлі маржан тастар үлестіреді. Қонақтарға табақ тартылғанда, үлкендер жағы келінге арнап үлпершек, төс салып жібереді. Ол “ұл тап, төстей қайқайып жүріп қайын жұртыңа қызмет ет, майдай бат, судай сің” дегенді білдіреді. Келін сәлем етіп, тағамды қабылдап, өзі ауыз тиіп, жанындағыларға береді. Тамақ ішіліп болған соң, ауыл адамдарына жаңа түскен жас келінді таныстыру, келіннің міндетін түсіндіру мақсатында ел жиылып, «Беташар» жыры айтылады. Беташар айтушы келіннің келген жеріндегі қайын ата, қайын енеден бастап туыстарының үлкен-кішілерін жеке-жеке таныстырып, келінге олардың әрқайсысына иіліп сәлем еткізеді. Жаңа түскен жас келінді ауылдың үлкендеріне таныстырғанда, олар көрімдікке, еншіге мал атайды. Түйеден бастап ешкі-лаққа дейін төрт түлік малды атап шығады. Ондағы мақсат – бүкіл ауыл-аймақ, ағайын-туыс болып, жаңа үйленген жастардың басына үй, алдына мал салып беріп, жас отауды ел қатарлы үй ету. Бұдан әрі беташардың екінші бөлімі “Айт, келін” басталады. Онда жаңа түскен жас келіннің үй шаруашылығындағы міндеті, атқаратын қызметі, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, үлкендерді, жолдас-жораны, қонақты сыйлауы сөз болады. Әдепті, өнегелі бол, өсек айтпа, үлкендерді сыйла, ерінбей еңбек ет деген сияқты өсиеттер айтылады. Беташар айтқан жігітке ат мінгізіп, шапан жабады. Ол тойдың бар қызық думанына ұйытқы болып, той басшысы (асаба) болып қызмет атқарады. Ал келінді сүйеп тұрған жеңгелерге көйлек, биқасап шапан кигізеді. Беташардан соң бүкіл ауыл жастары түнімен ұлттық ойындар ойнап, бөлек жиналып, әңгіме құрып, шежіре айтысады. Ертеңіне келін түсіру тойы басталады. Мұнда да қыз ұзату тойына ұқсас ат шабыс, аударыспақ, күрес, қыз қуу, теңге алу, көкпар сияқты ұлттық ойындар орындалады. Үйлену тойының ең жауапты кезеңі – қыз бен жігіттің некесін қию. Некені молда оқиды. Неке оқылғанда сол бөлмеге адам сыйғанынша жиылады. Бұлар – екеуінің қосылғанына күә. Сондықтан бұның бәрі неке суынан ауыз тиулері керек. Неке суы үлкен кеседе болады да, оған су, тұз, қант, сақина салады. Су – екеуінің пәктігіне, тұз – егер біреуі келешекте опасыздық етіп осы некені бұзса дәм атадыға, қант- екеуінің тату-тәтті өмір сүруіне, сақина неке ескерткіш ету үшін салынады. Той иесі неке оқыған молдаға ақшалай немесе малдай сыйақы береді. Үлкендер отырған үйде ақындар айтысып, жыр-термелер айтылып, жас жұбайларға тағы да тілек тілеседі. Той өткен соң құда мен құдағиларға киіт кигізіп, түйе жетектетіп, ат мінгізіп, құрметпен шығарып салады. Келін түсіру дәстүрі қазіргі заманда да жалғасын тауып, өркениет жетістіктеріне сай дамып келеді.

“Қазақстан” Ұлттық энциклопедия Ә. Нысанбаев – Алматы  1998 ж.,  Кенжеахметов С., Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары,  1994 ж.


Ақпараттық ресурстар